
Қарақұр ауылындағы «Қарақұр» жалпы білім беретін мектебінде ардақты ұстаз Жорабек Тұрғанбекұлының есіміне берілген Математика дәрісханасы ашылып, 10-сынып оқушылары арасында дәстүрлі аудандық олимпиада өтуде.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, ізгі тілегін білдірді. Білім саласының өкілдері мен ауыл ақсақалдары шараның маңыздылығына тоқталып, тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Жаңа дәрісхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. Биыл 16-шы рет ұйымдастырылған аудандық олимпиадаға 30-ға жуық оқушы қатысып, білім додасында бақ сынауда. Қазылар алқасының құрамында Атырау облысы мен Шымкент қаласынан келген білікті мамандар бар.
Жорабек Тұрғанбекұлы 1951 жылы дүниеге келген. 1969 жылы мектепті үздік тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті-нің физика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейін аудандық білім бөлімінің методикалық кабинетіне жетекшілік етті. 1981 жылдан бастап туған ауылындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және директор қызметтерін атқарып, білім сапасын арттыруға зор үлес қосты. «Білім негізі – ғылыми, тәрбие негізі – ұлттық» қағидасын ұстанған ұлағатты ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болған.