
Созақ ауданына «KATKO» БК ЖШС және Orano Mining компаниясы басшылығының жұмыс сапары өтіп, 2024–2025 жылдары іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың барысы таныстырылды. Іс-шараға Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және KATKO коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева қатысты.
Сапар барысында делегация Шолаққорған ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Биыл KATKO компаниясының қаржыландыруымен оқу корпусының сыртқы фасады заманауи металпанельмен қапталып, ғимараттың жылу оқшаулау деңгейі айтарлықтай күшейтілді. Құны 46 млн теңгеден асқан жобаның нәтижесінде мектептің ішкі температуралық режимі тұрақталып, жылыту жүйесіне түсетін салмақ азайды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов бұл бастама теріскей өңірдегі ауыл мектептері үшін аса маңызды қолдау екенін атап өтіп, алғысын жеткізді.
Бұдан кейін делегация Жеткіншек мөлтек ауданында апатты деп танылған тұрғынүйдің орнына «Жаңғырту» бағдарламасы аясында салынып жатқан 2 қабатты, 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жоба KATKO және «Қазатомпром-Сауран» компанияларының бірлескен қаржыландыруымен жүзеге асуда: KATKO – 200 млн теңге, серіктес компания – 186 млн теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Нысан жақын уақытта тұрғындар игілігіне беріледі.
Өндіріс орындары тарапынан жүзеге асып жатқан әлеуметтік инвестициялар аудан инфрақұрылымын жаңартуға және әлеуметтік нысандардың жай-күйін көтеруге елеулі үлес қосуда.