
Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің 2025 жылы аудан көлемінде қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттері туралы есеп беру жиыны өтті.
Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудан прокурорының міндетін атқарушы Асылбек Сламбекұлы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Созақ аудандық полиция бөлімі қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарды. Жыл бойы түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берілді. Мал ұрлығы, интернет алаяқтық, есірткі қылмыстары мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру және рейдтік шаралар тұрақты жүргізілді.
Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында елді мекендер мен тас жолдар бойына қосымша жол белгілері орнатылып, қауіпті аймақтарға бейнебақылау жүйелерін енгізу бағытында жұмыстар атқарылды. Шолаққорған ауылына жылдамдық өлшегіш құрылғылар орнатылып, қосымша бейнекамералар қою жөнінде тиісті ұсыныстар берілді.
Құқық қорғау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Жуантөбе ауылында жаңа учаскелік полиция пункті салынды. Құмкент ауылында заманауи стационарлық бекет орнатылды. Сонымен қатар айып тұрағы мен арнайы мал қамайтын орындар салынып, сот-медициналық сараптама ғимараты пайдалануға берілді. Бөлімнің атыс тирі күрделі жөндеуден өткізілді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында білім беру ұйымдарымен және тиісті мекемелермен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қорғау нұсқамалары шығарылып, профилактикалық есептегі тұлғалармен жүйелі жұмыс жүргізілді.
Жалпы, аудан көлемінде «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция мен халық арасындағы өзара сенімді арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Бұл бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов өз баяндамасында мәлімдеп, 2026 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында аудан тұрғындары өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе қоғамдық қауіпсіздік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ұрлық пен өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау мәселелері талқыланды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің рөлі айрықша екенін атап өтті. Құқық қорғау органдарының жұмысын одан әрі жетілдіру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды ширата түсу қажеттігін айтты.