Ауыл әкімдері Президентпен кездесуден серпін алды

«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.

Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ.

Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің өзі осылай өте жоғары баға берген бұл жиынға біздің Созақ ауданының да 8 ауыл, 2 кент әкімі де барып қатысқан болатын. Бұл жайында отандық БАҚ пенен әлеуметтік желілерден көріп, естіп- оқып отырған шығарсыздар. Осы жиынға арнайы барып, қатысып, Мемлекет басшысының жанында тұрып, тарихи ескерткіш суретке түсіп қайтқан Шолаққорған ауылымыздың әкімі Төлепберген Жеңісәлі Бақытжанұлыменарнайы сұхбаттасып, ауылдың бүгінгі ахуалы мен болашақ даму бағыты жөнінде әңгімелескен едік. Сол сұхбатты оқырмандарымыздың назарына ұсынамын:

— Жеңісәлі Бақытжанұлы, сонымен елордамыз Астанада қарашаның 27- 28 күндері өткен бұл форумнан алған әсерлеріңіз қалай болды? Мемлекет басшысымен болған диалогтан соң, саналарыңызда қандай да бір өзгеріс, саяси өмірлеріңізде бір серпіліс болды ма?

— Иә, Даке! Сіз айтқан қарашаның 27 күні Түркістан қаласынан Астанаға үлкен бір делегация ұшып барып, алдын- ала дайындап қойған 6 бірдей қонақүйге орналастық. Бұл күні 28 күні өтетін форумға дайындық жұмыстары жүрді. Білесіз бе, Президент пен ауыл әкімдернің бұлай Диалог- Платформада басқосуы Қазақстан тарихын да бірінші рет орын алып отырғандықтан әсері бөлек болды. Мені жуырда ғана ауыл әкімі болып сайланды демесеңіз, бұған дейін де мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткендіктен, еліміз егемендігін алып, әкімшілік жүйеге өткен 30 жылдан астам уақытта ауыл әкімдері тұңғыш рет өздерінің бар екенін, қоғамның бір бөлшегі екендіктерін сезінді дегенді толық сеніммен айта аламын. Тіпті, өзімізді біруақыт Мемлекет басшысының ауылдардағы тікелей өкілдері сезіндік. Ал енді, алдын- ала сөйлейді деп дайындалаған ауыл әкімдерінен де бөлек бірнеше ауыл әкімдері ашық диалогқа шықты. Әрине, ол мүмкінді оларға Президент өзі жасап берді. Біздер де Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеу бақыты бұйырып қала ма деп, әрқайсысымыз өзіміздің жүрегімізден шыққан жолдауымызды қағаз бетіне түсіріп, тас түйін дайын отырдық. Алайда, өздеріңіз көріп- білгендеріңіздей бірнеше ауыл әкімдеріне ғана сөз сөйлеу бұйырыпты. Ал, осыдан соңғы серпіілске келсек, әзірше бәрі жоспар күйінде тұр, нақты серпілісті жұмыс барысында көре жатарсыздар.

— Жалпы, ауыл әкімдерін тікелей сайлау – елдегі маңызды реформалардың бірі. Сіз осы жүйе арқылы сайланған 2334 әкімнің бірі ретінде, бұл өзгерістің еңбасты тиімділігі неде деп ойлайсыз?

-Расында, тікелей сайлау – ауыл өміріндегі үлкен бетбұрыс. Бұрын әкім тек есеп беретін тұлға болса, қазір жауапкершілігі жоғары, шешімін халықпен бірге қабылдайтын басшыға айналды. Халық өзі сайлаған соң, әр бастамаға серіктестікпен қатысып, дамуға нақты араласады. Бұл- жергілікті өзін-өзі басқарудың ең үлкен күші.Бүгінде ауылдағы мәселелер жылдап емес, айлармен шешіле бастады. Бұл- Президент бастамасының нақты жемісі.

-Шолаққорған Созақ ауданының орталығы. Осы жыл ішінде қандай әлеуметтік және инфрақұрылымдық өзгерістер болды?

-Бұл жайында алдын да сізбенен сұхбат жасаған болатынбыз. Дегенмен, сауал қойылған соң қысқа- нұсқа жауап берйін. Жалпы, Шолаққорған-тарихы терең, халқы еңбекқор ауыл. Халық саны көп болғандықтан, әлеуметтік жүктеме де жоғары. Соған сәйкес:

-ауылішілік жолдар кезең-кезеңімен жөнделуде;

-мектептер жаңғыртылып, жаңа кабинеттермен толықтырылуда;

-медициналық пункттер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді;

-көше жарықтандыруы толық аяқталуға жақын.

Ең маңызды көрсеткіш – экономикалық әлеуеттің артуы. Бүгінде ауылдағы орташа айлық жалақы 582 мың теңгеге жетті. Өнеркәсіпсаласында 2 мыңға жуық тұрғын еңбек етіп жүр. Бұл – ауыл еңбек нарығының үлкен мүмкіндігі.

–Демек, Шолаққорған тек тұтынушы емес, табыс өндіретін аймаққа айналып жатыр ғой, солай ма?

— Иә, басты мақсатымыз – ауылдың өз экономикасы болуын қамтамасыз ету. Ол үшін Президент айтқанындай, ауылымызда кәсіпкерлікті, ауыл және мал шараушылығын дамытуымыз қажет. Бұл ауыл экономикасына нақты серпін береді.

-Әрине, даму бар жерде шешімін күткен мәселелер де болады. Бүгінде ауыл үшін ең өзекті проблемалар қандай?

-Бірінші мәселе – коммуналдық шаруашылық жүйесін ауылдық округ құзырына беру қажеттігі. Қазіргі мемлекеттік сатыпалу тәртібі жедел әрекет етуге мүмкіндік бермейді.

-Екінші  арнайы техниканың тапшылығы. Атап айтсақ, бізге:

-универсал тракторлар,

-ауыржүккөліктері,

-өртсөндірутехникасы,

-вакуум-ассенизатор машиналары өте қажет. Қолда бар бір трактордың өзі жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз етілмеген.

-Үшінші мәселе – мамандар тапшылығы мен олардың айлық- жалақыларының аздығы. Жер мәселесі, мемлекеттік сатып алу жұмыстары, кіріс базасын ұлғайту – бұлардың бәріне кәсіби кадрлар керек. Заңгер, салық маманы, электрик қызметіне сұраныс өте жоғары.

–Ауыл аумағында жұмыс істейтін ірі кен орындары бар. Сол кәсіпорындардың төлемдері туралы ұсыныстарыңыз бар екен…

-Иә, бұл-өте маңызды. Уран, фосфор өндіретін кәсіпорындардың экологиялық әсерін еңалдымен ауыл тұрғындары көреді. Бірақ олардың төлейтін салықтары ауылға бірден түспейді. Сондықтан біз:

1.Экологиялық төлемдердің бір бөлігін өндіріс орналасқан  ауылдық округтің бюджетіне беру,

2.Компаниялардан алынатын кіріс және мүлік салығының кемінде 50%-ын ауыл бюджетіне қалдыру туралы ұсыныс енгіздік. Бұл ауылдың тұрақты табысын қалыптастырады, жаңа бизнесті тартуға ынталандырады, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

-Бұл ұсыныстар жүзеге асса, ауыл әкімдерінің рөлі де өзгереді ғой?

-Әрине. Әкім тек әкімшілік тұлға емес, жергілікті экономиканы дамытатын толыққанды менеджер болуы тиіс. Сондықтан «Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесітуралы» жеке заң қабылдау маңызды. Бұл ауыл әкімдерінің өкілеттігін нақтылап, жұмыстың тиімділігін арттырады.

-Диалог-платформада Мемлекет басшысына тікелей ұсыныс айту оңай емес. Сіз сол алаңда қандай ой түйдіңіз?

-Бұл үлкен жауапкершілік. Президенттің ауылға, ауыл әкімдеріне деген сенімі жоғары екенін сезіндік.Біздің міндет–сол сенімді ақтау. Туған жерімізге адал қызмет ету, нақты нәтиже көрсету–басты мақсатымыз.

-Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!

-Рақмет. Тек халықпен бірге еңбек етсек, Шолаққорғанды дамудың жаңа сатысына көтереміз!

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *