
Аудан орталығында орналасқан Шолаққорған спорттық-сауықтыру кешенінде кіші футболдан республикалық деңгейдегі «Torlan Cup» турнирі ұйымдастырылды. Дәстүрлі спорттық додаға Созақ ауданынан құралған командалармен қатар еліміздің өзге өңірлерінен келген барлығы 12 команда қатысып, жүлделі орындар үшін бақ сынасты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, «Torlan Cup» турнирі алғаш рет 2017 жылы «Торлан Строй» ЖШС бастамасымен ауылдық деңгейде ұйымдастырылған. Бүгінде бұл жарыс республикалық мәртебеге ие болып, аудан орталығында бой көтерген жаңа спорттық-сауықтыру кешенінде тартысты түрде өтті. Турнир барысында спортшылар жеңіске деген жігерін, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін және ептіліктерін паш етті.
Жарыс барысында командалар 4 топқа бөлініп, әр топтан алғашқы екі орынды иеленген командалар плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қорытынды кезеңде үшінші орын үшін Созақ спорт клубы мен Құмкент командасы өзара бақ сынасты. Құмкент командасы ІІІ орынға тұрақтады. Ал финалдық кездесуде Алматы қаласының командасы мен Созақ ауылының командасы чемпиондық кубокты сарапқа салды. Нәтижесінде Созақ ауылының командасы басым түсіп, турнирдің чемпионы атанды. Жарыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегер командалар, сондай-ақ турнирдің үздік ойыншылары «Торлан Строй» ЖШС ұжымы тарапынан арнайы естелік кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.