МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САПАСЫНА ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Созақ ауданында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қоғамдық бақылау жүргізілді.

Қоғамдық бақылау жұмысына Созақ ауданы әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау және құжаттандырумен қамтамасыз ету бөлімшесінің бас инспекторы С.Қарабаев, Созақ аудандық «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Б.Смахова қатысты.

Аталған іс-шара Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орналасқан шаруашылық жүргізу құқығындағы «Созақ аудандық орталық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өтті. 2006 жылы пайдалануға берілген аталған медициналық мекемеде бүгінде ауылдық елді мекендерді қоса алғанда 948 қызметкер еңбек етеді.

Бақылау барысында ауруханада көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар мәселелер зерделенді. Атап айтқанда, қабылдауға арналған құжаттар тізбесі мен өтініш үлгілері орналастырылған ақпараттық стендтердің болуы, мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттың қолжетімді әрі анық ұсынылуы, қызмет алушыларға арналған қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының жай-күйі қаралды.

Сонымен қатар, ғимараттағы дабыл батырмаларының жарамдылығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлардың жасалуы және көрсетілетін қызметтердің жалпы қолжетімділігі назарға алынды.

Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, оларды тиісті деңгейде ұйымдастыру бағытында бірқатар ұсынымдар берілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *