
Аудан орталығындағы орталық алаңда «Жаңа жыл, жаңа бақыт, жаңа қадам» атты мерекелік кеш өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кештің шымылдығы театрландырылған көрініспен ашылды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.
Өз құттықтауында аудан басшысы 2025 жылдың аудан үшін берекелі еңбекке, нәтижелі жұмыстар мен маңызды табыстарға толы болғанын атап өтті.
Бірлік пен ынтымақтың арқасында алдағы мақсаттар мен міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға болатынын атап өтіп, жаңа жылда барша тұрғындарға табыс, баянды бақыт, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
Шара барысында жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен мамандарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, үздік қызметкерлер марапатталды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың «Құрметті ардагері», ауданның «Құрметті азаматы» Қабылбек Еспенбетов те көпшілікке ақжарма тілегін арнады.
Мерекелік кеш барысында аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаздары мен РИО тобы әсем әндер мен әсерлі қойылымдар ұсынып, көрермендерге ерекше шаттық сыйлады. Орталық алаңға жиналған жұртшылық жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.