
2026 жылғы 26–27 наурыз күндері Түркістан облысында білім беру саласы қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған облыстық спартакиада жоғары деңгейде өтті.
Спартакиада білім бөлімдерінің қызметкерлерін бір алаңға жинап, әріптестік байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Қатысушылар волейбол, үстел теннисі және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен бақ сынап, өз шеберліктерін көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықты арттыру және ұжымдық бірлікті күшейту. Сонымен қатар, бұл дода кәсіби қарым-қатынасты дамытып, тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Түркістан қаласындағы №34 жалпы білім беретін мектеп базасында өткен жабылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов және кәсіподақ төрағасы Еркінбек Бахыт қатысушыларды құттықтап, жарыстың маңыздылығын атап өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Созақ ауданының құрамасы волейболдан – ІІІ орын, үстел теннисінен – VI орын, тоғызқұмалақтан – І орын иеленіп, жоғары нәтижелер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Созақ ауданының құрамасы жалпыкомандалық есепте жүлделі ІІІ орынды иеленіп, 100 000 теңге қаржылай сыйақыға қол жеткізді.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Бұл спартакиада – әріптестер арасындағы достықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаған, бірлік пен серпін сыйлаған маңызды шара болды.