ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте аудан әкімінің балаларға арналған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы балаларға жылы лебізін білдіріп, жаңа жылда денсаулық, жоғары білім мен бақыт тілеп, бүлдіршіндермен бірге мерекелік шыршаның шамын жақты.

Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, жаңа жылда әрбір балаға шаттық пен сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.

Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі Аяз ата мен Ақшақардың балалар өнерін тамашалауы болды. Бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі қойылымдар ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде балаларға аудан әкімінің атынан арнайы дайындалған жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.

Мерекелік шара барысында қонақтарды түрлі қуыршақтар мен мерекелік кейіпкерлер қарсы алып, ерекше көңіл күй сыйлады. Іс-шарада балалардың шығармашылығы мен өнеріне айрықша мән берілді.

Аталған Жаңа жылдық шырша мерекесіне көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған 140-қа жуық жас бүлдіршін қатысты. Шара соңында балалар арнайы дайындалған мерекелік дастархан басында бас қосып, қуанышқа толы сәттер мен ұмытылмас естеліктерге бөленді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *