
Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде еркін күрестен жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті. Дәстүрлі жарысқа 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер мен 2011–2012 жылғы кіші жасөспірімдер қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Облыстық біріншілікке аудан-қалалардан 620-ға жуық жас балуан жиналып, боз кілем үстінде жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер өтті. Жарыс барысында жас спортшылар жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, өз шеберліктері мен дайындығын паш етті.
Аталған чемпионатта Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, созақтық жас спортшы Мақсұт Ахмет 92 келі салмақ дәрежесінде үздік нәтиже көрсетіп, Түркістан облысының чемпионы атанды. Осы жеңісі арқылы ел біріншілігіне жолдама алып, алдағы республикалық жарыста Түркістан облысының намысын қорғайды.
Айта кетерлігі, Мақсұт Ахмет өткен жылы да ел біріншілігінде облыс намысын қорғап, Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған.
Жас спортшының жаттықтырушысы, еркін күрестен бірнеше чемпион тәрбиелеп шығарған тәжірибелі бапкер Бейсембаев Бақытжанның еңбегін де айта кеткен жөн. Ол ұзақ жылдар бойы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті маман.