ШОЛАҚҚОРҒАНДА ЖАҢА ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

Screenshot

Аудан орталығы Шолаққорған ауылында заманауи жаңа қонақ үй нысаны бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауыл қариялары, тұрғындар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Жобаны созақтық жеке кәсіпкер Ержан Әбілпаттаев жүзеге асырды.

Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналған қауымды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтап, кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен жеке инвестиция тартудың аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.

-Ауданда мұндай нысандардың бой көтеруі жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және аудан экономикасының тұрақты дамуына жол ашады. Біздің мақсатымыз – өндірісі өркендеген, кәсіпкерлігі дамыған, инфрақұрылымы жаңарған аудан қалыптастыру. Осы жолда кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету, инвестиция тарту және жаңа жобалардың жүзеге асуына жағдай жасау – басты міндеттеріміздің бірі, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кәсіпкерге ақжолтай тілегін жеткізді. Арнайы келген құрметті қонақтар мен ауыл тұрғындары да ізгі ниеттерін білдіріп, жаңа кәсіпке береке тіледі.

Жаңа нысанның атауы – «089» қонақ үйі. Жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Қонақ үйде әртүрлі санаттағы 22 бөлме қарастырылған. Нысанның айына 500 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Қонақ үйдің жоғарғы қабатында мейрамхана орналасса, заманауи талапқа сай мәжіліс залы да қарастырылған. Ғимараттың сыртқы және ішкі келбеті заман талабына сай безендіріліп, соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған. Келушілерге жайлы демалыс пен сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды.

Шара соңында ауыл қариялары, тұрғындар мен қонақтар қонақ үйді аралап, жаңа нысанның қызметімен танысты.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *