СОЗАҚТА «KITAPXAH» КІТАП ОҚУ КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

Созақ ауданында білім беру жүйесіндегі оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама қолға алынды. Озық ойлы ұрпақ қалыптастыру, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ ата-аналар мен педагогтердің бірлескен оқу ортасын қалыптастыру мақсатында аудандық білім бөлімінде «KitapXAH» кітап оқу клубы құрылды. Облыстық деңгейде дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «KitapXAH» кітап оқу әдісі аясында білім алушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ата-аналар мен педагогтердің бірлескен оқу ортасын дамыту бағытында білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында, мектеп кітапханалары жанынан кітап оқу клубтары ұйымдастырылды. Осы бастама аясындағы алғашқы шара ретінде 2026 жылғы 9 ақпанда аудандық әдістемелік кабинеттің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған поэзиялық кеш өтті. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында ұйымдастырылған тағылымды шараны аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Нұржан Тәңірбергенұлы мен мектеп директоры Серғали Мәлікайдаров ашты. Кештің басты жаңалығы – Созақ ауданы оқырмандарына арналған «KitapXAH» кітап оқу клубының ресми ашылуы болды. Клубтың негізгі мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың әдеби талғамын қалыптастыру және шығармашылық орта қалыптастыру. Поэзиялық кеш Мұқағали Мақатаев рөліндегі актердің сахналық қойылымымен басталып, ақынның өлеңдерін білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп басшылары, кітапханашылар және үздік оқырмандар мәнерлеп оқыды. Әсіресе, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан қойылған сахналық көрініс көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен жас мамандардан құралған хор тобы кештің мазмұнын байыта түсті. Шара барысында «KitapXAH» кітап оқу клубының ұйымдастыру комитеті мүшелері таныстырылып, клубтың ережесі мен алдағы жұмыс жоспары кеңінен түсіндірілді. Мұқағали жыры – мәңгілік мұра. Ал кітап оқу – рухани байлықтың бастауы. Осы ретте барша оқырманды жаңа кітап оқу клубының жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *