АУДАН БАСШЫСЫ ЕЛ МЕРЕЙІН АСҚАҚТАТҚАН ЖАС ТАЛАНТТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ел абыройын асқақтатып жүрген созақтық жас таланттарға құрмет көрсетті.

Жас спортшы Дияр Аманәліні, жас өнерпаз Алмас Асылхан және оның жетекшісін арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады. Аталған азаматтардың бірі – бозкілемде ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанса, бірі – көркем сөзбен көрермен жүрегіне жол тауып жүрген жас өнерпаз.

Кездесу барысында жас таланттармен еркін форматта пікір алмасып, алдағы жоспарларына назар аударды. Өнер мен спорттағы жетістіктерін жоғары бағалап, әр жеңістері туған жер үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Алғыс хат пен сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті.

Кездесуде кішкентай талант иесі Алмас Мәдениетұлы өз өнерін көрсетіп, көркем сөз оқыды. Оның шеберлігін тамашалаған аудан басшысы талабына жоғары бағасын беріп, өнер жолындағы қадамына сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, 15 жастағы Дияр Аманәлі – түбі Созақтан шыққан жас балуан. Қазіргі таңда Астана қаласында білім алып, грек-рим күресімен кәсіби түрде айналысып жүр.

Жақында Әзербайжан астанасы Бакуде 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен грек-рим күресінен әлем чемпионатында Дияр 55 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, еліміздің көк байрағын көкке көтерді.

Сонымен қатар, Асылхан Алмас Мәдениетұлы – Абай ауылындағы «Айкөркем» балабақшасының тәрбиеленушісі. Биыл Иманов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына барады. 2026 жылы «Daryn.kz» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Дарынды 1000 бала» балалар мен жасөспірімдер байқауында «Көркем сөз» жанры бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ Шымкент қаласында өткен халықаралық «Art Fest Shymkent» балалар мен жасөспірімдер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша І орын иеленді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алтын жұлдыз» атты дарынды оқушылар премиясында да жеңімпаз атанып, жоғары марапатқа ие болды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *