
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентіне алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бақылап, орталықтандырылған жылу қазандықтарында жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
«Шолаққорған-су» КММ-не қарасты жылу қазандықтарында негізгі қондырғыларды жаңарту және техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Таукент кентіндегі қазандықта 1 дана КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығы мен 1 дана ДЕ-10/14 бу қазандығы, сондай-ақ насостар мен бекіткіш арматуралар ауыстырылуда.
Жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығына тоқталған аудан басшысы жауапты сала мамандарына алдағы жылыту маусымына тиянақты әрі жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды. Қазандықтардың техникалық жағдайын мұқият тексеріп, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған Қыземшек кентінде де жылу желілерін жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл мұнда 2,2 шақырым жылу құбыры ауыстырылып, ұзындығы 3,3 шақырым жылу құбырының жылу оқшаулағышы жаңартылуда. Сонымен қатар, насостар мен бекіткіш арматуралар да ауыстырылды.
Бұдан кейін аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Абай елді мекеніне барып, ауыз су жүйелерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылауға алды. Онда жұмыстардың орындалу сапасы, инженерлік желілердің техникалық жай-күйі және тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.