Аудан әкімі халықпен кездесіп, 6 айлық есебін беруде

Бөлісу

Оқырмандарымыз оқып- біліп отырғандарындай, ауданымыздың әкімі Мұхит Тұрысбековтың өңірлерге барып, халықпен кездесіп, есеп беру жиындары басталып кетті. Бұл Созақ ауданының сайланбалы  әкімі ретінде Мұхит Сексенбайұлының өзіне сенім білдіріп, сайлаған сайлаушыларыменен алғашқы кездесуі, 6 айлық есебі. Әрине, аудан әкімі өңірлерге барып халықпен кездескен соң, ол кісіменен бірге тиісті бөлім және мекеме басшыларының баруы да заңдылық. Міне, сол әкім бастаған топпенен ауыл-ауылдарға барып, ел алдындағы есептен материал дайындап, аудандық «Созақ үні» газетінің кезекті сандары арқылы халқымызды хабардар етіп отыру біздің, журналистердің де мойнының борышындай боп қалған. Осы ретте, менің мойныма Құмкент пенен Жартытөбе ауылдарында және ауданымыздың орталығы Шолаққорған ауыл әкімдігінде өтетін аудан әкімінің халықпен кездесунен хабар тарату бақыты бұйырыпты.

Сонымен, сәуір айының 18 күні аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бастаған топпенен әуелі Жартытөбе ауыл әкімідігін бетке алып, жолға шығатын болғанбыз. Алайда, аудан әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша Мұхит Сексенбайұлы әуелі Шолаққорғандағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебіне соғатын болыпты. Мен де мектепке барып, диркторы Әуесхан Сағындықовқа жолыққанда бірақ білдім, бұл білім ордасы былтырығы жылы ғана «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына енген болатын. Осы жоба аясында 2023 жылдың 3 тамызында қаржы төлеуші «қазақстан халқына» қоғамдық қоры, оператор «Білім беруді тұрақты дамыту» қоғамдық қоры, тауарды жеткізуші «EdTech Innovation» ЖШС мен қабылдап алушы «Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ- нің арасында №11- 02-6-23 санды жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын екі жақты келісімшартқа қол қойылған болатын. Содан, былтырғы жылдың Қараша айынан бастап келісім шартта көрсетілген тауарлар мектепке жеткізіліп, жоспарланған жұмыстар жүріп те кеткен. Міне, сол жұмыстар соңына жетіп, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков те ізгі іс шараның аяқталуына орай, мектеп әкімшілгінің шақыртыуымен барған еді. Бұл енді өз алдына бір тақырып болғандықтан, газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде арнайы мақала дайындайтын боламыз.

                               Жартытөбедегі есеп беру жиыны

Асқар сүлейменов мектебінен шыққан соң аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы бірден Жартытөбе ауыл әкімдігіне жол тартты. Біз барғанымызда Жартытөбеу ауылының мәдениет үйі жергілікті жұртшылыққа толы еді. Тиісті бөлім және мекеме басшылары да алдын- ала барып, аудан әкімнің келуін күтуде екен. Онсыз да бес- он минут кешігіп барған аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы жиылған халықпен жылы амандасып алды дағы бірден өткен 6 айда аудан әкімдігінің атқарған жұмыстары жайлы есебіне кірісіп кетті. Есептен соң Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауыл әкімдігіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық пенен Бабата ауылдарынан келген халықпен алдағы 6 айда атқарылатын жұмыс жоспарларыменен бөлісті. Менің байқағаным, Жартытөбе ауыл әкімдігінде бірлі- жарым жұмыстар болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай түйткілді мәселе қалмапты. Әрине, бұл енді Жартытөбе ауылы әкімдігінің бір кездергі «Тірек Ауыл» жобасына ілігіп, сапалы ауыз су, жоба аясында жарық пенен жолдан басталып, мектеп, бала- бақша, балалар ойын алаңы, интернет сынды барша игіліктерменен қажетті деңгейде қамтылып қойғанынан болып отыр. Сол себепті де жиылған жұртшылықтың жиын соңынан аудан әкіміне қояр сауалы менен ұсыныс- пікірлері мүлдем болмады. Тек, ауыл қариялары аудан әкімінің өткен 6 адағы есебіне оң баға, алдағы 6 айда атқаратын жұмыстарына да ақ бата беруменен жиынды қорытндылады. Әрине, жалпы Жартытөбе ауыл әкімдігінде барша мәселелер шешіліп қойылыпты дегенмен жеке азаматтардыңжұмысы тауысылушы ма еді. Осы ретте, жиын соңынан аудан әкімінің жеке қабылдауы борлып, жергілікті тұрғындар жеке шаруаларыменен кіріп жатты. Ә, айқандай аудан әкімі алдағы уақыттарда Жартытөбе ауыл әкімдігін «Үлгілі ауыл» етуді жоспарлап жүргенін де жергілікті жұртшылықтан жасырмады, жариялады.

Аудан әкімінің бұл күнгі есебі Құмкент жерінде жалғасты

Мұнан соң аудан әкімінің халықпен кездесуі Құмкент ауылының мәдениет үйінде өтті. Бұл кездесуге де Құмкент ауылының, Қызылкөл және Қызылқанат елдімекендерінің халқы көбірек жиналыпты. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы мұнда да әдеттегі үрдісінен жаңылмады, әуелі алдыңғы 6 айдың есебін беріп, артынша алдағы 6 айда атқарылатын жұмыс жоспарларыменен жергілікті жұртшлықпенен бөлісті. Жалпы, жылы бұлақтың суын алғаш рет ауыз су ретінде пайдаланғалы отырған жұрттың Жартытөбеліктерге қарағанда түйіні шешілмеген түйткілді мәселері көп екен. Аудан әкімі қызметіне келгеніне екі жалдан асқан Мұхит Тұрысбеков бұл ауыл әкімдігінің де өзекті мәселелерінен хабардар екенін, тіпті жаттап та лағанын көрсетті. Сол себепті де бұл жолы Баба Түкті Шашты Әзиз жатқан жұртқа үлкен дайындықпен, әлгі түйіні шешілмей келген түйткілді тірліктердің түйінін шеше келіпті. Сондай түйткілді мәселелердің басында Құмкент Шолаққорған бағытындағы афсальт жол бар еді. Мұхит Сексенбайұлы таяуда ғана облыс әкімінің қабылдауында болған жарты сағаттық жүздесуінде ауданымыз үшін маңызды мәселелердің қатарында нақ осы жолдың қаржысын қойдырып, жұмысын жүретін ғып, шегелеп келіпті. Тіпті, мұны жаныдағы бөлім басшыларына мойындатып та алды. Мұнан бөлек, Құмкент ауыл әкімдігіне қарасты бірер көшенің жарықтары менен жолының және ауыз суларының мәселесі шешілетіндігімен ауыл халқын сүйіншілеп те алды. Сүйіншіленген істердің ішінде бұған дейін мемлекеттің «Тірек ауыл» жобасына енген ауылдарына көңіл бөлуді азайтыңқырап, ендігі жерде бұл жобаға енбей қалған «Жол серіктік ауылдар» (спутниктік) ға көбірек көңіл бөлінетінін жеткізді. Жалпы, Құмкент ауылының бірнеше көшелерінің жарығына да аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстары жүргіліп қойылған көрінеді. Тек, жергілікті әкімшілік пенен тиісті бөлім және мекеме қызметкерлерінің арасында қажетті байланыс орнамағандықтан, жарық күні бүгінге дейін жарытып жанбаған екен. Мұның бәрін халықтан есітп- білген әкімі Құмкен ауыл әкімдігі менен тиісті бөлім және мекемелердің басшыларын тұрғызып қойып, қатты сөкті. Жиын соңында жергілікті жұртшылық, ауыл белсенділері Құмкент ауыл әкімдігіне қарасты барлық өзекті мәселелер жайлы сауалдарын беріп, нақты жауаптарын алды. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы сөз соңында: «Міне, ағайын! Осылай бірі- бірімізбен әркез ашық әңгімелейік! Егер, түйіні шешілмеген түйткілді мәселе бола тұра айтпай қалсаңыздар, мына жарық мәселесі сияқты 4 жыл бойы түйіні шешілмей жүре берсіздер. Айтылмай қалса сіздерге сын, істелмей қалса бізге сын»- дегендей болды. Құмкент халқы да бұл жолғы жиынға разы болып, ауыл қариялары аудан әкімінің есебіне оң бағаларын беріп жатты.

ПІКІР ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған