
Келесі жылы желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толады. Уақыт деген дөңгелеп өте шығыпты. Кеше ғана мұрты тебіндеген бозбала, бұрымы желмен ойнаған бойжеткен едік. Бүгін немерелі ата, ақ жаулықты әже болдық. Сол уақытта ауылдан Алматыға барғанда әлі өмірдің заңын білмейтін, құпиясы мен қиындығын көрмеген балаң едік. Желтоқсан көтерілісі болған үш күн біздердің әрқайсымызды үш жылға есейтті. Үш жыл деймін-ау, отыз жылға есейтті. Одан жігіттер әскерге аттанып, Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтедік. Алматы қаласындағы айтулы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының рухты бас көтеруі еді. Ол озбырлық пен қиянатқа, әділетсіздік пен ақиқат іздеген ұлтжанды ұрпақтың ерен ерлігі еді. Кейін 1994 жылдары жоғары оқу орнын бітіріп елге келген соң Созақ ауданындағы желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың басын қостық. Сонда ауданның басшылығына қызметке келген азамат ағаларымыздың желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміз бен олардың арман мақсаттарын жоққа шығарған кереғар пікірлеріне кез болып, ағаларымыздың ой өрістеріне таң қалдым.
«Білеміз ғой ол көтерілісті», «Ол дегенің бұзақы, көшеде сенделіп жүрген еріккен жастардың тірлігі ғой»-деген сияқты пікірде болулары мені мен менен басқа желтоқсаншыларды қатты ренжітті. Ол ағаларымыз кезінде совет-партия қызметкерлері болған азаматтар еді. Атын атап, түсін түстеп беруіме де болады. Құдайға шүкір бүгінде арамызда әлі алшаң басып жүр.
Ал желтоқсан көтерілісін, оның мәні мен мағынасын, қадір-қасиетін тұңғыш, өз деңгейінде бағалаған, аудан әкімі Қуаныш Айтахановты айтар едім. Ол кісі бүкіл Қазақстан бойынша желтоқсанардагерлерін алғаш қабылдап, құрмет жасаған нағыз қайраткер, ұлтжанды батыр азамат. Олай дейтінім Тәуелсіздік алғанымызға екі-ақ жыл болған 1994 жылы бізді тұңғыш қабылдаған еді. Облысымыздың өзге аудандарындағы желтоқсаншы достарымызбен хабарласқанымызда «біздің аудан басшыларымыз бізді қабылдауға әлі қорқады» дегені бар. Біздің желтоқсан ардагерлер ұйымы 2014 жылы құрылды. Оның мүшелігіне 21 азамат тартылды. Желтоқсан ардагерлері қоғаммдық бірлестігінің басты мақсаты жас жеткіншектерге патриоттық тәлім-тәрбие беруге атсалысу, жастарды отансүйгіштік пен адал азамат қатарын арттыру мақсатына тәрбиелеу. Мектептерде, басқа да оқу орындары мен мекемелерде, ауыл әкімдіктерінде жастармен кездесулер өткізіп, білгенімізді айтып, оларды дұрыс бағытқа жол көрсету болатын. Осы бағытта Шолаққорған аудан орталығымыздағы «Тәуелсіздік» саябағы ішінен «Желтоқсан ұшқыны» монументін тұрғызуға күш салғымыз келді. Бұл игі бастаманы біз Созақ аудандық мәслихатының депутаты, ұлтжанды қызымызЕсмұратова Гүлшат Есбергенқызына айтып,ұсынысымызды биліктің, аудан басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарының назарына салуын өтіндік. Өтінішімізді аяқсыз қалдырмаған халық қалаулысы Гүлшат ханымға үлкен ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Желтоқсан ардагерлері Қарағұр ауылында біреу, Таукент кентінде бесеу, Сызған ауылында екеу, Жартытөбе ауылында біреу, Созақ ауылында біреу, Шолаққорған ауылында он бір азамат тұрады. Осы жерде айтатын бір ұсыныс пікірім, бізде желтоқсан ардагерлерімен мектептерде кездесу жылына бір рет, тек 10-16 желтоқсан аралығында ғана емес, тұрақты өтіп тұрса деген ұсынысым бар. Енді бір кісілер желтоқсан көтерілісі болғандықтан, онда аяусыз қан төгілгендіктен бұл күні аза тұту күні деп атаған жөн дейді. Бірақ мен бұл пікіргеқосыла қоймаймын. Қазақтың басынан не өтпеген? Қазақтың қай күні аза тұту күні емес? Қарап тұрсаңыз 9 мамыр да аза тұту, 7 ақпан да аза тұту саналады. Қай күні мерекемен астасады. Менімше қазақ ұлтының рухы оянған күн болғандықтан 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күні мерекесі болып қала беруі тиіс.
Тарих тегершігін кері айналдырсаңыз 1930 жылы ақпанда кеңес өкіметінің озбыр саясатына қарсы Созақ ауданында Созақ көтерілісі болды. Араға 56 жыл салып, кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы сол кісілердің немерелері Алматы қаласындағы көтеріліске қатысты.
Бабалар аманатына адалдық танытып, қазақ халқының салтына, дәстүріне, тілі мен дініне қиянат жасап, қасірет шектірген темір бұзауды қазақ жастары бұзады. Осылайша аталарымызармандаған ұлы мұрат орындалды. Ұлт көтерілісі өз мақсатына жетті. Желтоқсан ардагерлерінің алды зейнеткерлік демалыста. Олардың саны бес адам.Арамыздан соңғы жылдары Бекжанов Қанат, Рыскелдиев Айтбай, Ермекқараев Бақытбек, Әлмахан Асан атты бауырларымыз қайтпас сапарға аттанды. Олардың барлығы сол желтоқсан кезінде алған тән жарасы мен жан жарасының себебінен еді. Енді адам болған соң адамда пенделік болады ғой, Ондай әрекеттің көзін жойып отыруға тырысамыз. Біреу ауданның Құрметті азаматы болғысы келеді. Енді бірі қалаға да, ауылға тіркеу жасап мемлекеттен алдап үй алғысы келеді. Марапат, сыйлық алғысы келеді. Олар біздің қатарымыздан емес. Оларды дәл сондай пенделік пиғылда болса кешегі желтоқсанда отаншылдық рухта болған жастардың бірі деп айта алмаймын. Ондай азаматтардың лажы болса арамыздан ақырын ғана шығып кетуін қалаймыз.
Ал енді Құрметті азаматқа келсек «Желтоқсан ардагері»деген атақтан жоғары атақ бар ма Қазақстанда! Осыны неге ойламаймыз? Біздің Ұлы Отан соғысы, ауған, тәжік-ауған, соғысы ардагерлерінен айырмашылығымыз-біз егемен елдің тәуелсіздігі мен болашағы жолында күрескен жастармыз. Бұл айрықша мәртебенің құдыреттілігі де сонда. Біз пайдакүнем, майдакүнем, дүниеқоңыз, сұраншақ, пасық, алақанын жайған диуана болмауымыз керек. Еңсемізді тіктеп, басымызды көтеріп, асқақ жүруді Алла нәсіп етсін! Біз желтоқсандықтар өз биігімізде болуға тиіспіз!