
Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 15–20 маусымы аралығында өтіп жатқан «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аудандық полиция бөлімі мен «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің бірлесуімен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Айжан Манапова, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Жанерке Аленқызы Жұматова, сондай-ақ «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің психологі Құралай Ыдырысова, әлеуметтік қызметкер Мақпал Маметханова және БАҚ-пен және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маман Айдана Тұрсынбай қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңнамадағы өзгерістер жөнінде халықты ақпараттандыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және отбасындағы жанжалдардың алдын алу.
Іс-шара барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, мамандардан құқықтық және психологиялық кеңестер алды. Ашық форматта өткен кездесудің нәтижесінде қатысушылар пайдалы ақпаратқа қанығып, тиісті мекемелермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.