
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Нұрлан Бердимуратов, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы өлшеусіз еңбектеріне ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ ауданның денсаулық сақтау саласын дамыту жолындағы жетістіктерге тоқталып, сала мамандарына толағай табыстар тіледі.
Мерекелік жиында бірқатар медицина қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «Ерен еңбек иесі – ел құрметі алғысы» медалі, аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, өз ісіне адалдық танытып жүрген мамандардың еңбегі еленді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел саулығы жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді. Салтанатты сәтте Қазақстан медицина қызметкерлерінің қоғамы ұйымдастырған «Үздік медицина қызметкері – 2026» республикалық байқауының жеңімпазы Толғанай Нұрғалиқызы марапатталып, бірқатар сала қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды.
Өз кезегінде Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Нұрлан Төреханұлы ақ халатты абзал жандарға ізгі тілегін арнап, саладағы кәсіби шеберлігімен, адал еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының Алғыс хаты мен аудандық орталық аурухананың Алғыс хаттарын табыстады.
Бүгінде ауданның денсаулық сақтау саласында 124 дәрігер мен 527 орта буын медицина қызметкері халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етуде.
Мерекелік шара барысында жергілікті өнерпаздар әсем әндер орындап, салтанатты жиынның көркін қыздыра түсті.