
Созақ аудандық прокуратурасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Инвест керуен 2026» жобасы аясында ауқымды кездесу өтті. Жиынға аудан аумағында 2026-2030 жылдары іске асырылуы жоспарланған ірі инвестициялық жобалардың және өңірдегі белді кәсіпорын өкілдері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты — өндіріс пен кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеру, инвестициялық жобаларға мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсету.
Кездесу барысында инвестициялық жобаларды қолдау және олардың іске асырылу барысына қатысты өзекті, түйткілді мәселелер талқыланды. Әсіресе, аудан экономикасының тірегіне айналатын уран өндірісі кешені құрылысы, оған тікелей қажетті шикізат көзі — күкірт қышқылын өндіру жобасы және аймақтағы өндірістік қажеттілікті өтейтін полиэтилен құбырын шығаратын зауыт жобасы секілді ірі бастамалардың жай-күйі сөз болды.
Жаңадан іске қосылатын кәсіпорындарға қажетті инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу және заңнамалық тұрғыдан құқықтық қорғалу деңгейін арттыру мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар, жиында ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту, жобаларды уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру және сырттан келетін капитал үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы маңызды ұсыныстар ортаға салынды. Кәсіпорын басшылары өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар тарапынан нақты жауаптар алды.
Жиын нәтижесінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және оларды іске асыру барысында туындайтын кез келген мәселелерді кезек күттірмей шешу бойынша бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Прокуратура мен әкімдік өкілдері кәсіпкерлерді қолдаудың нақты тетіктерін бекітіп, өзара байланысты тұрақты етуге уағдаласты.
«Қазіргі таңдағы қарқынды даму үдерісіне қосымша серпін беретін жаңа жобалардың іске қосылуы нәтижесінде, алдағы 2026-2030 жылдар Созақ ауданы үшін өндірістің өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылатын берекелі кезеңге айналмақ».
Осы бағытта басталған «Инвест керуен 2026» жобасы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жаңа белеске көтерері сөзсіз.