ЖАҢА ЗАҢНАМАЛЫҚ ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Ерғали Жұмабаевтың төрағалығымен мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңнамалық талаптарды түсіндіруге арналған семинар өтті.

Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жүргізіп отырды. Өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, заңнамадағы өзгерістерді уақытылы меңгеру және мемлекеттік қызметтің тиімділігін жетілдіру бағытындағы кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

Семинарға аудан әкімі аппараты, ауылдық округтер мен кент әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері, дербес бөлімдер мен аудандағы мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Ерғали Жұмабаев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың өзекті мәселелері мен жаңа талаптарына кеңінен тоқталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі міндетін атқарушы Назерке Орынбек «Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен маңызды ережелері» тақырыбында баяндама жасады.

Ал, Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ерсұлтан Жолбарыс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының негізгі нормалары мен енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Нұрғалиқызы Әдеп кодексінің талаптары мен тәртіптік жаза қолдану қағидаларына тоқталса, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Медет Төрегелді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде баяндама жасады.

Семинар барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты жауаптар алды.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңнамалық талаптарды түсіндіру және оларды тәжірибеде тиімді қолдануға әдістемелік қолдау көрсету.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *