
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында аудан орталығында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстау ісіне белсенді атсалысты.
Экологиялық шараға мекеме қызметкерлері, түрлі ұйымдардың ұжымдары, ерікті жастар және аудан тұрғындары қатысып, ауылдың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Шолаққорған–Созақ, Шолаққорған–Шымкент және Шолаққорған–Түркістан бағыттарындағы облыстық маңызы бар автожолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Сондай-ақ су өткізгіш өткелдер, каналдар мен арық-атыздар тазаланып, орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының бойындағы арамшөптер орылды. Аумақтар қоқыстан тазартылды.