
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков халықаралық ареналарда еліміздің және аудан мерейін асқақтатып жүрген созақтық спортшылар – Әкбар Елубайұлы мен Ғалымжан Жасұлановты арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы спортшылардың ел абыройын асқақтатып, көк Туымызды әлемдік додаларда биіктен желбіретіп жүрген жетістіктеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар жастарды спортпен шұғылдануға баулудағы еңбектерін атап өтіп, ауданның спорт саласын одан әрі дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, ел мерейін үстем ете берулеріне тілектестік білдірді.
Кездесу еркін форматта өтіп, спортшылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Өңірде бұқаралық спортты дамыту, жас буынды қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, Ғалымжан Жасұланов –қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) спортшысы, спорт шебері. «Qazaq» лақап атымен танымал спортшы кәсіпқой мансабында «NAIZA» лигасының аса ауыр салмақтағы жауынгері ретінде өнер көрсетіп, халықаралық ареналарда ел намысын қорғады. Қазіргі таңда әлемге әйгілі «Дана Уайт» лигасында бақ сынап жүр. 2023 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық турнирде ресейлік танымал файтер Вячеслав Дацикті төрешілердің шешімімен жеңіп, жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды.
Ал Әкбар Елубайұлы – еркін күрестен Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, жастар арасында Азияның күміс жүлдегері, спорт шебері. Сонымен қатар джиу-джитсудан Азияның төрт дүркін, Еуропаның екі дүркін және әлемнің алты дүркін чемпионы. Ол – джиу-джитсудан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Сондай-ақ аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг бойынша Қазақстан чемпионы, панкратионнан әлемнің күміс жүлдегері. Бұдан бөлек, 2019 рет қошқар көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген.