Құрмет төрінен көрінді

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Мәдениет пен өнер – руханияттың алтын діңгегі» атты салтанатты мерекелік шара өтті.

Руханият саласының өкілдерін ұлықтаған кеште мәдениет қызметкерлерінің ауданның рухани дамуына қосқан еңбектері насихатталды.

Шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдің еңсесін көтеретін асыл құндылық. Ал өнер – халықтың жан дүниесін байытып, ұрпақ санасына ізгілік пен тағылым дарытатын ұлы күш. Сіздер осы қасиетті саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келесіздер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың рухани келбеті. Өнер мен мәдениет арқылы еліміздің болмысы, тарихы мен дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасады» – деп атап өткен болатын. Бұл – мәдениет саласы қызметкерлеріне берілген үлкен баға әрі зор жауапкершілік. Халықтың ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздарымыз бен мәдениет саласының ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Біз әр кез мәдени нысандарды жаңғырту, өнер ұжымдарын қолдау, шығармашылық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз»-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстап, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ізгі тілектерін арнап, мәдениет саласының бірқатар қызметкерлерін марапаттады.

Мерекелік шара барысында қонақтарға мәдениет саласының жетістіктері мен атқарылған жұмыстары жайлы арнайы бейнеролик ұсынылды. Кеш театрландырылған көрініспен басталып, «Ай-Аруы» би тобының әсерлі биімен жалғасты. Сонымен қатар аудан өнерпаздарының қатысуымен әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды.

Бүгінде Созақ ауданында халыққа 17 мәдениет ошағы қызмет көрсетуде. Оның ішінде 9 мәдениет үйі мен 7 ауылдық клуб ел игілігі жолында жұмыс атқаруда. Салада 209 қызметкер еңбек етеді. Өткен жылы аудан көлеміндегі 9 мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Сонымен қатар аудан өнерпаздары 2025–2026 жылдары республикалық және облыстық деңгейдегі 36 байқауға қатысып, 3 бас жүлде, 2 бірінші орын, 4 екінші орын, 9 үшінші орын және 15 арнайы жүлдені иеленіп, аудан мерейін асқақтатты

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *