ШОЛАҚҚОРҒАНДА ҚАШҚЫНБАЙ КЕНЖЕХАНҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

Шолаққорған ауылдық спорттық-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін Құрмет белгісінің иегері, білікті жаттықтырушы, ұлағатты ұстаз Қашқынбай Кенжеханұлының туғанына 80 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында күрестен ашық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Тағылымды шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудан басшысының қолдауымен спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жасалып отырған мүмкіндіктерге тоқталып өтті.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, спорт ардагерлері Анарбай Шәдібеков пен Жетілген Сармантаев сөз алып, Қашқынбай Кенжеханұлының ел спортына сіңірген еңбегі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Ардақты бапкердің жақын туысы Сейдахмет Сиқымбаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, турнирдің жас буынға берер тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өтті.
Биылғы жарысқа облыстың әр өңірінен келген 10 команда құрамындағы 160 жас спортшы қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтауда. Бапкер есімін ұлықтайтын дәстүрлі жарыс 1996 жылдан бері аудан әкімдігі мен шәкірттерінің қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қашқынбай Кенжеханұлы 1946 жылдың 15 мамырында қасиетті Қаратаудың баурайындағы Жартытөбе ауылында дүниеге келген. Ол 1970 жылы Созақ ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуына ұйытқы болып, аудан спортының негізін қалаушылардың бірі атанды. Сол жылы облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен аудандық спорт мектебінің алғашқы директоры қызметіне тағайындалды.
Ұстаздың тәлімін алған шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғады. Арасынан Қазақстан Республикасының чемпиондары мен жүлдегерлері, облыс чемпиондары шықты.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *