СОЗАҚ ӨНЕРПАЗДАРЫ «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНДЕ КӨРЕРМЕН ҚОШЕМЕТІНЕ БӨЛЕНДІ

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Созақ ауданының мәдениет күні қорытындыланып, аудан өнерпаздарының қатысуымен ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.

Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Кеш барысында Созақтың талантты әншілері, күйшілері, бишілері мен өнер ұжымдары сахна төрінде ұлттық өнердің айшықты үлгілерін ұсынып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қазақы болмысты, ұлттық рух пен мәдени мұраны дәріптеген концерттік бағдарлама көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кештің арнайы қонағы – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Нұржанов көпшілікке сүйікті әндерін тарту етіп, рухани кештің ажарын аша түсті. Оның орындауындағы әндер көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, концерттің шырайын кіргізді.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – ауданның мақтанышы, белгілі драматург Байділда Айдарбековтің сөзі мен әніне жазылған «Жастық шақ» шығармасының орындалуы болды. Жүрекке жылы тиетін бұл туынды көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.

Сонымен қатар, күмбірлеген күй арқылы қазақ даласының кеңдігін сезіндірген домбыраның үні, «Сырлы Созақ» ардагерлер ұжымының отбасы құндылығы мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген тағылымды сахналық қойылымы, «Созақ серілері» тобының ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындаған сырлы әндері көпшілік көңілінен шықты. Ал ауданның жас таланттарынан құралған «Эдельвейс» би тобының әсерлі би өнері көрермендерді тәнті етіп, концерттің көркін одан әрі аша түсті.

Фестивальді тамашалауға келген шетелдік қонақтар да қазақтың төл өнеріне, дәстүрлі әні мен күйіне, ұлттық салт-дәстүрін бейнелеген қойылымдарға жоғары бағасын беріп, қазақ мәдениетінің тереңдігіне тәнті болды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *