
Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін арттыру, азаматтардың өтініштері бойынша құқықтық көмек көрсету және өзекті мәселелерін заң аясында шешуге жәрдемдесу мақсатында Созақ ауданы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізілді.
Іс-шара «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып, оған Созақ ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлімдерінің мамандары қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында аудан тұрғындары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алу, құрылыс және сәулет саласына қатысты құжаттарды рәсімдеу, жер қатынастары бойынша құжаттарды заңдастыру, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үйге қатысты мәселелер және тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Азаматтардың барлық сұрақтарына тиісті сала мамандары заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме беріп, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі бойынша кеңес ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу жолдары туралы ақпараттық үнпарақтар таратылды.