Тұрғын үйлі болып қуаныш қуанышқа ұласты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында қуанышты сәт орын алды. 29 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды.
Шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтады. Баспананың әрбір отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасарын атап өтті.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ізгі тілегін білдіріп, жаңа қоныс иелеріне амандық пен бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
Бүгінде Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған сайын бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталмақ. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылуда.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *