
Таяуда Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты М.Жәрімбетов ауылында ауыр атлетикадан 2012 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Түркістан облысының ашық чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға облыстың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Аталған жарыста «Созақ аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, аудан мерейін үстем етті. Жас зілтеміршілер өздерінің табандылығы мен тыңғылықты дайындығының арқасында жүлделі орындарды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс қорытындысы бойынша: – Талғат Ақжігіт 28 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды; – Талғат Асылан 30 келі салмақта ІІ орын иеленді; – Тұрсынбай Даниял 30 келі салмақта ІІІ орынға тұрақтады; – Амангелді Ахат 33 келі салмақта ІІ орын алды; – Болысбек Нұрәли 37 келі салмақта ІІ орынды еншіледі; – Нұрболат Ерсұлтан 45 келі салмақта ІІ орыннан көрінді; – Малик Ердәулет 50 келі салмақта ІІІ орынға ие болды; – Амангелді Айбек 71 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, І орынды қанжығасына байлады.
Жас спортшылардың бұл жетістігі – жүйелі жаттығу мен қажырлы еңбектің жемісі. Шәкірттерін жарысқа дайындаған жаттықтырушылар М. Серикбаев пен Б. Тұрсынбаевтың еңбегі зор. Созақтық жас спортшылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, аудан абыройын асқақтата беретініне сенім мол.
Жеңімпаздар мен жаттықтырушыларға толағай табыс, жаңа жеңістер тілейміз!